Шымкенттен Мақтааралға 30 арнайы техника жіберілді

Шымкент қаласының әкімдігі Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен елдімекендерге бірінші күннен бастап арнайы техника мен мамандарды жіберіп көмек қолын созды. Бүгін еліміздің үшінші мегаполисінен күнгейдегі су басқан ауылдарға авариялық-құтқару қызметі үшін 30 арнайы техника жіберілді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков су тасқынынан зардап тартқан Мақтааралға көмек мұнымен тоқтамайтынын айтты. «Қазір Мақтаарал ауданының тұрғындарын эвакуациялау мақсатында Шымкент қаласы тарапынан жіберілген 10 арнайы техника жұмыс істеуде. Бүгін ауданға көмекке аттанған 30 арнайы көлік те авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылады,»-деді Алмасбек Кеңесбекұлы.

 

Күні кеше Мақтаарал ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қаласы ТЖ департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жеке құрамынан 12 адам және 4 техника, 2 су құралы, 4 мотопомпа, сондай-ақ аталған мекемеге тиесілі Шардара қаласында орналасқан жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері мен 1 техникасы, 2 су құралы тез арада көмекке аттанған болатын.

Сондай-ақ оқиға орнында Шымкент қаласының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің командалық-штабтық автокөлігі де жұмылдырылған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*