ШАРДАРА АУДАНЫНДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС – ӨНДІРІСТІК ТИІМДІЛІК ПЕН ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЫ;

Шардара ауданында шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстары биыл сәуір айынан бастап жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ауа райының жылынуына байланысты кейбір елді мекендерде шіркей саны артқанымен, аталған жағдайға жергілікті билік дер кезінде әрекет етіп, дезинсекциялық жұмыстарды күшейтілген режимде қолға алды.

Аудан әкімдігі бұл шараларға тек санитарлық-гигиеналық тұрғыдан ғана емес, өндірістік процестер мен еңбек өнімділігіне әсер ететін маңызды фактор ретінде де қарап отыр. Себебі агроөнеркәсіптік кешен мен шағын өндірістік кәсіпорындары бар елді мекендерде шіркей мәселесі – жұмысшылардың еңбек жағдайына тікелей ықпал ететін факторлардың бірі. Әсіресе жазғы маусымда ашық ауада еңбек ететін шаруалар мен құрылысшылар үшін жайлы орта қалыптастыру – өндіріс қарқынын бәсеңдетпеудің кепілі.

Бүгінгі күні Көксу ауылдық округінде шіркей дернәсілдеріне қарсы ауқымды залалсыздандыру шаралары өткізілді. Бұл жұмыстар ауыл көшелерімен қатар, көгалды аймақтар мен ағаштар, су жиналатын жерлерді де қамтыды. Залалсыздандыруға 4 арнайы техника, 6 кәсіби маман мен бүркуге арналған заманауи құрылғылар жұмылдырылды. Мамандар биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тиімділігі жоғары препараттармен жұмыс жүргізді. Аталған жұмыстар кейін Ұзыната ауылында жалғасын тапты.

Бұл шаралар аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тікелей бақылауында жүзеге асырылуда. Аудан басшысы шіркейге қарсы дезинсекцияны уақытылы әрі кең көлемде жүргізу тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын қамтамасыз етумен қатар, өндіріс саласындағы үздіксіз жұмысты да қолдайтынын атап өтті.

Ауылдық округтерде орналасқан шағын цехтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтері қызметкерлері үшін шіркейдің азаюы – жұмыс жағдайының жақсаруы деген сөз. Бұл, өз кезегінде, еңбек өнімділігіне оң әсер етіп, аудан экономикасына жанама пайда әкеледі. Сол себепті де мұндай шаралар тек санитарлық қызметтің ғана емес, өндіріс пен ауыл шаруашылығы құрылымдарының да ортақ мүддесі ретінде қарастырылуда.

Алдағы уақытта шіркейге қарсы күрес шаралары өзге де елді мекендерде жалғаспақ. Аудан әкімдігі бұл жұмыстарды арнайы кесте негізінде ұйымдастырып, қажетті техникалық және адами ресурстармен қамтамасыз етуді басты назарда ұстап отыр.

Жалпы, Шардара ауданында өндіріс саласын дамыту үшін қолайлы экологиялық жағдай жасау – әкімдіктің стратегиялық мақсаттарының бірі. Осы орайда шіркеймен күрес жұмыстары – тұрғындар денсаулығы мен жұмыс өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*