ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТ ПЕН ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шардара ауданының прокуроры А.Әлінің төрағалығымен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ғимаратында Шардара су қоймасы жағалауындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б. Туребеков, қала әкімінің орынбасары Б. Сүйет, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі А. Алтынбеков және су ресурстарына жауапты мекемелер мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Мәжілісте су қоймасы жағалауындағы өндірістік-инфрақұрылымдық нысандар мен туризм саласындағы кәсіпкерлік объектілерінің жұмысын үйлестіру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитарлық нормаларды сақтау және заң талаптарының орындалуын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, су қоймасын тиімді әрі қауіпсіз пайдалану арқылы өңірдің өндірістік және туристік әлеуетін арттыру қажеттігі айтылды.

Шардара су қоймасы тек су ресурстары көзі ғана емес, сонымен қатар өңірлік экономиканың маңызды тіректерінің бірі болып отыр. Мұнда орналасқан кәсіпкерлік нысандар – демалыс базалары, шағын өндіріс цехтары, көлік және сервис қызметтері өңірге тұрақты кіріс әкеліп, халықты жұмыспен қамтып отыр. Алайда, бұл кәсіпорындардың заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуі – басты шарт.

Мәжілісте Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және кірістер басқармасы тарапынан кәсіпкерлерге бірқатар ескерту мен ұсыныстар берілді. Экологиялық нормаларды бұзбау, өндірістік қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату, су көздерін ластамау, жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау және салықтық міндеттемелерді уақытылы орындау мәселелері нақты айтылды.

Су қоймасы маңындағы өндірістік қызметті дамытуда құқықтық тәртіп пен экологиялық тепе-теңдік қатар сақталуы қажет. Осы орайда «Шардара орман және жануарларды қорғау әлемі» КММ мен «Қазсушар» РМК-ның рөлі ерекше. Бұл мекемелер табиғи ресурстарды қорғаумен қатар, кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша тиісті мекемелер мен кәсіпкерлерге хаттамалық тапсырмалар жүктеліп, әр тарапқа нақты міндеттер белгіленді. Прокурор А.Әлі заңдылықтың бұзылмауын қадағалау тұрақты түрде жалғасатынын айтып, су қоймасы айналасындағы индустриялық аймақтың тұрақты әрі тиімді дамуы үшін барлық мүдделі тараптардың бірлесіп жұмыс істеуінің маңызын атап өтті.

Осылайша, Шардара су қоймасының жағалауы тек демалыс орны емес, өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды экономикалық ресурс ретінде қарастырылып отыр. Алдағы уақытта осы аймақты кешенді түрде дамыту арқылы ауданның инвестициялық тартымдылығы мен жұмыс орындарының саны артады деген сенім бар.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*