
Жетісай аудандық полиция бөлімінде мейрамхана, дүкен, кафе, жанармай құю бекеттерінің иелерімен өткен кездесу – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі саналады. Бұл жиын ішкі істер органдары мен жеке сектор өкілдері арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Себебі, қылмыстың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті.
Кәсіпкерлік нысандар – адамдар көп шоғырланатын орындар. Мұндай жерлерде ұсақ құқықбұзушылықтан бастап, ауыр қылмыстарға дейін орын алуы ықтимал. Сондықтан да бұл нысандарда бейнебақылау жүйесінің орнатылуы аса маңызды. Камералар – тек алдын алу құралы ғана емес, қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік беретін сенімді көмекші. Осыған орай, полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге техникалық талаптар, бейнежазбалардың сапасы мен сақталу мерзімі, құқық бұзушылық анықталған жағдайда жедел әрекет ету алгоритмі жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Кездесу барысында тек ақпарат жеткізумен шектелмей, ашық пікір алмасу да өтті. Кәсіпкерлер өздерінің алаңдаушылықтары мен ұсыныстарын ортаға салып, кейбір мәселелерге қатысты нақты шешімдер қабылдауды сұрады. Бұл – азаматтық қоғамның белсенділігі мен құқықтық сана-сезімнің арта түскенінің көрінісі. Полиция бөлімінің басшылығы айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулерді назарға алып, болашақта бірлесіп шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Мұндай кездесулердің басты маңыздылығы – жергілікті кәсіпкерлер мен полиция арасында серіктестік орнатып, қоғамдық тәртіпті бірге қорғауға негізделген ортақ жауапкершілікті қалыптастыру. Жүйелі түрде өткізіліп тұратын диалог алаңдары халық пен құқық қорғау құрылымдарының арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, нақты қауіпсіздік шараларын іске асыруда тиімді құралға айналуда.
Пікір қалдыру