
Түркістан қаласы аумағында борышкерлерді анықтау және оларға қатысты айыппұлдарды өндіріп алу мақсатында арнайы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шара — жол қозғалысы ережесін бұзған тұлғаларды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарту арқылы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Рейд барысында полицейлер заманауи техникалық құралдарды – «Автоураган» жылжымалы кешені мен «Қорғау» ақпараттық жүйесін пайдаланды. Бұл құрылғылар деректер базасымен біріктірілгендіктен, борышкерлерді нақты және жылдам анықтауға мүмкіндік берді. Айыппұл төлеуден жалтарған көлік иелерінің автокөліктері тоқтатылып, заңнамаға сәйкес айыптұраққа қойылды.
Сонымен қатар жүргізушілерге әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы ережелер, айыппұл төлеу тәртібі мен құқықтық жауапкершілік жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Полицейлер азаматтардың заң алдындағы міндеттерін уақытылы орындауы құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізетінін атап өтті.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – барша азаматтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды талап. Сондықтан Түркістан облысының полиция қызметкерлері барлық тұрғындарды жеке жауапкершілік танытуға, құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарды уақтылы өтеуге және жолда жүру мәдениетін сақтауға шақырады. Тәртіп — тұрақтылық кепілі, ал заң талаптарын сақтау — әрбір азаматтың борышы.
Пікір қалдыру