ШАРДАРАДА ДӘСТҮРЛІ ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

9 мамыр – Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай Шардарада облыстық деңгейде спорттық іс-шара өтті. Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейінгі жылдары Шардара өңірінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан еңбек ардагері Роман Қарсыбаевты еске алуға арналған армрестлингтен ХІХ дәстүрлі облыстық турнир ұйымдастырылды.

«Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт болмайды». Бүгінгідей бейбіт өмір үшін қолына қару алып, Отан үшін от кешкен Роман Қарсыбаевтың соғыстағы ерлік істері ұрпақ жадынан шықпайды. Турнир барысында майдангер аға жайлы естелік әңгімелер айтылып, рухына құран бағышталды. 

«Шардара Армспорт» клубында өткен дүбірлі додаға облыстың барлық аудандары мен Шымкент қаласынан 350-ге жуық спортшылар келіп қатысты. Ересектер арасында және жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен қол күресі спортында бірнеше салмақ дәрежесі бойынша спортшылар күш сынасты. Сондай-ақ, осы күні ауыр атлетика және гир спортынан да Роман Қарсыбаев атындағы І дәстүрлі турнир басталды.
Спорттық шара барысында армрестлинг спортының дамуына айрықша еңбек сіңіріп жүрген азаматтарға түрлі марапаттар табыс етілді. Атап айтар болсақ, қол күресінен Шардара ауданының 2016-2017 оқу жылының «Ең үздік жаттықтырушысы» атағын Асан Байғозиев жеңіп алса, «Ең үздік спортшы» атағын Ләззат Мәлікайдар еншіледі.

Әлемнің екі дүркін чемпионы Шынболат Райханов «Қол күресі спортына сіңірген ерен еңбегі үшін» атағымен марапатталып, қаржылай сый-сияпаттар табыс етілді.
Сонымен бірге, турнирде жеңіске жеткен және жүлделі болған әр бір спортшы қаржылай және сыйлықтармен марапатталды.
Енді Роман Қарсыбаевты еске алуға арналған қол күресі спорты бойынша өткен турнирдің жекелеген жеңімпаздарын таныстырып өтсек дейміз.


Ересектер арасындағы қол күресте 60 келі салмақ нәтижесінде Қ.Өсербай қарсыластарын жапыра жеңіп, бірінші орынды қанжығаға байлады. Ал, екінші орынды Д.Әбсаттар, үшінші орынды М.Оразбеков есімді спортшылар иеленісті. 70 келіде сынға түскен балуандар арасында Н.Айдарханның бағы жанып, жеңіс тұғырына көтерілсе, Т.Рүстембек екінші орынды бағындырды. Бұл салмақта Р.Жамқұров үшінші орынға табан тіреді. 80 келідегі спортшылар арасында М.Шәмиев ешкімге дес бермей, бас бәйгені еншілесе, Қ.Шәмиев екінші орынды еншіледі. Үшінші орын Е.Әбілдаға бұйырды. 80 келіден жоғары салмақта күш сынастырған балуандардың ішінде М.Құттымұратовтың мерейі үстем болды. бұл жоғары салмақта Қ.Оңғарбаев екінші, Н.Сәдуақасов үшінші орындарды бағындырды.


Жасөспірім спортшы ұл балалар 7 салмақ бойынша күш сынастырды. 30 келіде ортаға шыққан балуандардың арасында О.Мәлікайдар бас бәйгені қанжығаға байлады. Н.Сейіткерім екінші орынды бағындырса, М.Оразбеков үшінші орынды қанжығаға байлады. 40 келі салмақта сынға түскен А.Мырзабек бірінші орын иегері атанды. М.Шадмантай екінші орынды бағындырса, үшінші орын Б.Жүрімбай есімді спортшыға бұйырды. 45 келі балуандар арасында Ж.Бекжігітке төтеп беретін қарсылас табылмады. Бұл салмақта Д.Роман екінші, Д.Тұрар үшінші орындарды бағындырды. 50 келіде бақ сынаған спортшылар арасында Б.Әбдірахман бас жүлдеге қол жеткізді. Д.Жүсіп екінші орынды еншілесе, Е.Жүрімбай үшінші орынды иеленді. 55 келіде Е.Сарыбай бірінші, А.Пірімбет екінші, Қ.Асылхан үшінші орындарды иеленісті. 60 келі салмақта Н.Қадырдың асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанды. Бұл салмақта А.Рүстем екінші орынды, Д.Әбдіхаліл үшінші орындарды қанжығаға байласты. 60 келіден жоғары салмақта сынға түскен спортшылар арасында Б.Атабек турнир жеңімпазы атанды. Ал, Е.Қаржау екінші орынды еншілесе, үшінші орын А.Рахметке бұйырды.
Турнирде жасөспірім қыздар да сынға түсіп, өзара күш сынасты. 55 келі салмақта ортаға шыққан спортшылар арасында Ә.Абдулладан ешкім айласын асыра алмады. Ақтық сында оған жол берген Б.Бердімұрат екінші орынды, М.Жақып үшінші орынды иеленді. 55 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткендер арасында әйгілі спортшы Л.Мәлікайдарға тең келер ешкім болмады. Мұнан кейінгі орынды Ж.Мәлік бағындырса, М.Қалдыбай үшінші орынды қанжығаға байлады.
Турнир жеңімпаздарына жеңіс құтты болсын айта отырып, алдағы уақытта да осындай биіктен төмендемеулеріне тілектестігімізді білдіреміз.
«ShardaraArmsport-News»

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*