
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауы ел тағдырына тың серпін беретін, айқын мақсаттар мен нақты міндеттерге толы тарихи құжат болды. Әсіресе, жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның орны туралы айтылған ойлар мені ерекше тебірентті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады» – деп нақты әрі батыл үн қатты.
Шынында да, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бүгінгі әлемнің қалыптасу заңдылықтарын түбегейлі өзгертуде. Біз осы беталыстан қалып қоймай, керісінше білім мен тәжірибені, технологиялық жаңалықтарды үйлестіріп, еліміздің әлеуетін жаңа биікке көтеруге міндеттіміз. Бұл – уақыт талабы ғана емес, ұлттың бәсекеге қабілетті болашағы үшін қажет шешім.
Президенттің «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет» деген бастамасы заман талабынан туған аса маңызды қадам деп білемін. Бұл жаңа министрлік елдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, жасанды интеллект жобаларын жүйелі түрде қолдауға, дербес мәліметтер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жастарды цифрлық салада оқытып, білікті кадрларды даярлауға үлкен серпін береді. Сонымен қатар, мемлекеттік басқару үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігі артып, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.
Президент Жолдауында айтылған тағы бір ауқымды жаңалық – бір палаталы Парламент құру бастамасы. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мен елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді… Егер ортақ келісімге келсек, ондай Парламентті тек партиялық тізім бойынша сайлаған дұрыс» – деп, бұл реформаның негізгі бағытын көрсетті. Бұл бастама еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, демократиялық үдерістерді тереңдетуге жол ашады. Мұндай жүйе арқылы саяси партиялардың рөлі күшейіп, сайлаушылар мен өкілдердің арасындағы байланыс нығаяды.
Президент бұл ұсынысты тек жоғарыдан енгізу емес, керісінше бүкіл халықпен ашық талқылау арқылы, ортақ мәміле мен сенімге негізделіп, 2027 жылы жалпыхалықтық референдумда жүзеге асыруды ұсынды. Бұл – халықтың еркін білдірудің ең жоғарғы әрі әділетті жолы. Мұндай ұстаным Мемлекет басшысының ел болашағына деген шынайы жанашырлығы мен демократиялық құндылықтарға адалдығын көрсетеді.
Менің ойымша, бүгінгі Жолдаудағы екі маңызды бағыт – технологиялық жаңғыру мен саяси реформалар – еліміздің болашақ дамуының іргетасын қалап отыр. Бұл бастамалар елімізді озық технологияларды меңгерген, әділетті және ашық қоғамға айналдыруға бағытталған.
Болашаққа сеніммен қарап, жаңа биіктерді бағындыруда бізге дәл осындай батыл әрі тың қадамдар ауадай қажет. Ал оны жүзеге асыру – тек Президенттің немесе Үкіметтің емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жаңа дәуірге лайықты қадам басу – баршамызға жүктелген тарихи міндет.
Мұрат ЖОЛДЫХОЖАЕВ,
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы
Пікір қалдыру