Шардара ауданы әкімі 600 балаға балмұздақ таратты

Шардара қаласындағы «Ұландар» саябағында 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекеге қатысқан аудан әкімі Болатбек Қыстауов ата-аналар мен балалар алдында құттықтау сөз сөйледі.— Мемлекетіміз еліміздің ертеңі болып саналатын бала тәрбиесіне аса зор мән беріп келеді. Балаларымыздың жарқын болашағы үшін қажеттіліктің бәрімен жеткілікті түрде қамтамасыз етіп отыр. Ауданда мектепке дейінгі білім беру саласы өз дәрежесінде жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда ауданда жалпы саны 27 балабақша жұмыс істеп келе жатса, үстіміздегі жылы осы бағытта қаладағы «Өтеғұл» мөлтек ауылында 100 орындық, Төменгі тоғай шағын ауданында 60 орындық мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында 2 балабақша іске қосылады. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту ісі биылғы жылы 87,2 пайызды құрайтын болады. Ал, 2020 жылы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту ісі 100 пайыз орындалатын болмақ. Ауданда балаларға арналған алаңшалары саны жылдан-жылға артып келеді. «Тұңғыш Президент саябағында» аттракцион ойын алаңшасы, басқа да түрлі ойын құралдары балаларымыздың игілігіне жұмыс істейді. Соңғы жылдары саябақ ішінен іске қосылған субұрқақтар, кәсіпкер азаматтардың қолға алуымен ашылып жатқан ойын алаңдары біздің кішкентай достарымыз үшін тамаша демалыс орындары болды деп айта аламыз. Балалардың дүние танымын арттыратын мұндай ойын алаңдары қаламыз бен ауылдық округтерде алдағы уақытта да арта түсетін болмақ, — деді Болатбек Дүйсенбекұлы.«Уайымсыз балалық шаққа жымиып қарайық» тақырыбымен өткен осынау мерекеде қаладағы «Балапан», «Балауса», «Балбөбек», «Таңшолпан» балабақшасының тәрбиеленетін балақайлар сәби үнімен ән салып, би билесті. Балақайлардың концертінен соң аудан басшысы Оқушылар үйінің жеткіншектері салған суреттермен танысты.
Мерекелік шараның соңында «Ұландар» саябағына келген 600 балаға аудан әкімінің атынан тегін балмұздақтар тарту етілді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*