Шардаралықтар ҚР Парламенті сенатының депутаты Әли Бектаевпен кездесті

Сәрсенбінің сәтінде Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев Шардараға келіп, тұрғындармен кездесу өткізді. Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар еткен халық қалаулысы 2016 жылдың 1 қыркүйегінен 2017 жылдың 30 маусымына дейінгі аралықта депутаттар 84 заң қабылдағанын айтып өтті.–Осы уақыттар ішінде елімізде айтарлықтай тарихи оқиғалар өткені баршаңызға белгілі. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Елбасы Үндеу жариялап, нақты тапсырмалар жүктеді. Екінші маңызды құжат – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы. Мұнан соң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, ұлттық кодымыз бен ұлттық болмысымызды, ұлттық санамызды жаңғырту бойынша міндеттер белгіледі, — деп атап өткен Әли Әбдікерімұлы бұл бағытта қандай шаруалар атқарылу керек екенін нақты дәлелдермен түсіндіріп берді. Әсіресе, рухани жаңғыру мәселесіне кеңінен тоқталған Сенат депутаты:
–Рухани жаңғыруды алдымен отбасылық құндылықтан бастауымыз керек. Біздің халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған тәрбиенің бастауы. Мұндай құндылық ешбір елде жоқ деп айтсақ болады. Сондықтан да әрбіріміз өз отбасымыздың құндылығын сақтай білсек қана қазіргі таңда жиі кездесіп жатқан тастанды сәби, әке-шешесін қарттар үйіне өткізу сияқты келеңсіз жәйттер болмас еді. Жас жұбайлар арасындағы ажырасудың тым көбеюінің қоғам үшін зардабы көп, — деді.
Әли Әбдікерімұлы сонымен қатар, ауылшаруашылығы саласын дамытуға тың бетбұрыс жасайтын уақыт келгенін жеткізді. Ауылшаруашылығын өркендетудің бір кепілі – кооперация құрудың тиімділігін айта отырып, бұл шаруа бойынша қандай кедергілер кездесіп жатқанын жиынға қатысып отырған азаматтардан сұрады. Парламент қабырғасында бөлініп жатқан қаржылар туралы айта келе, оңтүстік өңірден сайланған Асқар Бейсенбаев, Қуаныш Айтаханов, және орның орнына жаңадан сайланған Әлімжан Құртаевтармен бірлесе отырып Шардара ауданы үшін тиісті қаржылардың бөлініп жатқанынан құлағдар етті.
Халық қалаулысымен жүздескен тұрғындар арасынан қалалық қауымдастық төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ардагерлер Кеңсінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» әдіскері Олжас Төлепбергенов, ардагер ұстаз Жамал Төлешова, ауыл биі Есенгелді Сариев, қала тұрғыны Тағайкүл Жұмабаева сөз алып, өздерін толғандырып жүрген сауалдарын ортаға тастады. Олардың тарапынан айтылған өтініш-тілектерге жауап қайтарған Әли Бектаев бұл мәселелерді өзіне жазып алғанын, республика көлемінде шешілетін шаруаны Парламент қабырғасында көтеретінін айтты.
Кездесу соңында жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Болатбек Қыстауов барша шардаралықтар атынан Әли Әбдікерімұлына алғысын жеткізді. 


Шарадара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*