Отырарда «ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу-басты міндет» тақырыбында жиын өтті

Отырар ауданында «ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу-басты міндет»  тақырыбында келелі жиын болып өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов ашып жүргізіп отырды. Жастарды өз елінің патриоты болуға, Отанын сүюге тәрбиелеу мақсатында өткен жиында сөз алған облыстық «Мемлекеттік туы» жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сүйін Абулда «Тәуелсіздікті алу оны баянды етуден қиын»,-деп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай жастар Тәуелсіздігімізді қастерлеп, қазаққа оңай келмеген құндылықтарымызды қадірлеу керектігін айтып, жастарды ел патриоты болуға шақырды.
«Орталық Азия жастары қозғалысының көсемі болған Ғани Мұратбаев айтқандай «Ғаламның иесі де, қожасы да жастар». Жастар қай жерде болмасын еркін ойлап, еркін сөйлей білуі тиіс. Алпауыт елдермен табан тіресіп отырған елімізде жастар белсенділік танытып, еліне көшбасшы болуы керек. Кеше кім едік, бүгін кімбіз?»,- дейді «Қазақ аналары» журналының бас редакторы Ажар Момбек.
Жиында белгілі ақын Дәурен Айманбетов «патриотизм» өкінішке орай көнерген сөздердің қатарына кетіп бара жатқандығын қынжыла жеткізіп, 21 ғасырдың жастары ата-бабамыз армандап кеткен Тәуелсіздігімізді қастерлей білу керектігін айтып, өз шығармашылығынан өлең оқыды. Жиын барысында ауданымыздың бас имамы Серік Биімбетов бастаған дін өкілдері мен ауыл жастары өз пікірлерін білдіріп, ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Пердехан Абайұлы отырарлықтардың бойында патриоттық тәрбиенің бар екенін, оны жерлестеріміз өткен жылғы табиғи апат кездерінде байқатқанын атап өтіп, алайда мұнымен тоқтап қалмай осындай тақырыптағы ой саларлық жиындарды жиі өткізіп тұру керек екенін жеткізді.
Шара соңында жиынға қатысушыларға «Ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу-басты міндет» атты кітаптар таратылып, естелікке суретке түсті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*