Отырар ауданында жастар арасындағы құқық бұзушылық пен жұмыссыздық мәселесі жөнінде жиын өтті

Отырар ауданында талапты ауыл округі «Көкмардан» мәдениет үйінде аудан әкімдігі жанындағы жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңес мәжілісі болып өтті. Мәжілісті аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов ашып, жүргізіп отырды. Кеңесте аудан жастары арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық ішкі істер бөлімінің аға инспекторы Т.Меңлібаев баяндама жасаса, аудандық емхананың бас дәрігері Ф.Шырынбеков ана мен бала өлімінің алдын алу және жас отбасыларға қолдау көрсету, жастар арасында суицит пен ерте жүктіліктің алдын алу шаралары туралы мәлімдеді. Сондай-ақ жиында Талапты, Қоғам, Шәуілдір ауыл округтерінің әкімдері жастар саясаты бойынша ауыл округтері көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аудандық ішкі істер бөлімінің аға инспекторы Т.Меңлібаевтің мәліметінше Отырар ауданы облыс бойынша басқа аудандарға қарағанда қылмыс жасау жағынан төменгі сатыда екен. Дегенмен мұнымен арқаны кеңге салып тоқтап қалмай жастар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын-алу, жат әрекеттерден сақ болу керектігін айтқан аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов ауданның психолог мамандары мен ішкі істер қызметкерлері және аудан жастарының белсенділері бірлесе жұмыс атқарып, сақтық шараларын күшейту керектігін ескертті.
Жиында кеңес мүшелері ауыл округ әкімдері мен сала басшыларының баяндамаларынан туындаған мәселелер бойынша түрлі сұрақтар қойып, өз ұсыныс пікірлерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов тиісті сала басшыларына айтылған мәселелер бойынша тапсырмалар берді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*