Отырарлықтар Шәуілдірде Шахановтың мерей тойын атап өтті

75 жасты еңсерген ақиық ақын Мұқтар Шақановтың мерей тойында отырарлықтар Шәуілдірдегі мәдениет үйінде атап өтті.«Тар заманның тайғақ кешулерінде жалынды жырларымен күркіреп шыққан Мұхтар Шаханов қазаққа патриоттық рухқа толы өлеңдерімен бағалы. Бір кездері жүгірген аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын, сағым ойнаған сайын дала перзенті бүгіндері Алты Алаштың ардағына айналды. Ия, қазақ даласы қаншалықты кең болса, ақын ағамыздың шығармашылығы мен қайраткерлігі, ерен еңбектері, ақындық болмысы сол дархан даламыздай кең. Шығармалары өзіміздің Шәуілдірдей шырайлы, Арыстай ажарлы, Сырдариядай сырға толы. Бүгінде ұлт мақтанышына айналған ақынымыз сонау кешегі кеңес дәуірі мен бүгінгі нарық заманынының қиын қыстау кезеңінде және қай кезде де болмасын өздерінің отты жырларымен халқымыздың ұпайын түгендеп, мұңын мұңдады, жоғын жоқтады, рухын көтерді» деді, Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов.Ақынның «Мені неге Мұхтар қойған?» өлеңіне Мұхтар Құралов әдемі әуен шығарған болатын. Осы шығарманы белгілі әнші-термеші Мұхтар Асанов нақышына келтіре орындады. Кеш барысында көркем сөз шеберлері ақынның «Әке үкімі», «Ғайша», «Қалдаяқов өзені» өлеңдерін жатқа оқыды.
Мұхтар ағаның өмірдегі әрі өнердегі қос қарындасы Ханбибі Есенғараева мен Әселхан Қалыбековалар ақын шығармашылығына тоқталып, өлеңдерін арнады. Сондай-ақ, профессор Талжан Райымбердиев, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан, ақын Бегаман Сұлтаевтар жүрекжарды лебізін білдірді. Ақтаңгер айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков ақынның өмірі мен шығармашылығын, қайсарлығын өлең жолдарымен өрнектеді.
Әдемі тілектерден соң М.Шахановтың «Отырар – дастаны» поэмасының желісі бойынша түсірілген «Отырарды қорғау» атты Батырхан Дәуренбековтің анимациялық фильмінің тұсауы кесіліп, көрермендердің оң бағасын алды. Фильмнен кейін ақынның «Отырар қамалы» әні орындалды.
Композитор Қалдыбек Құрманәлі ақын ағасының композиторлық қырына тоқталып, шығармашылық шабытпен қатар, зор денсаулық тіледі.
М.Шахановтың ақындық қуаты мен қайраткерлігін жоғары бағалаған лебіздерден кейін әнге кезек берілді. Әнін де, сөзін де өзі жазған «Жұбайлар жыры», «Мен сені кінәлаймаймын», «Отырар кітапханасы» әндерімен қатар, «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп жазған «Өмір өзен», «Ақ бантик», «Ақсудан ұшқан аққуым» әндерін отырарлық өнерпаздар асқан шеберлікпен орындап шықты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*