ОҚО-да «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысында «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында негізгі жеті міндет анықталған болатын. Соған сәйкес өңірде биыл 7,8 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылса, 643 гектарға жаңбырлатып суару әдісі енгізілген. Сондай-ақ, өңірде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін 2 су қоймасы іске қосылды. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Иляс Құрамысов мәлім етті.Басқарма басшысының айтуынша, алдағы жылы Ордабасы ауданы мен Түркістан қаласында жалпы көлемі 57,2 млн текше метрді құрайтын жаңа екі су қоймасы салынатын болады. Сондай-ақ, облысымызда су арналарындағы су сыйымдылығын төмендету мақсатында ылғалдандыру және тұзданған аймақтарда сор шаю жұмыстары ұйымдастырылуда.

«Бүгінде облысымызда жайылымдарды суландыру бойынша құдықтар қазу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, 2015 жылы облысымызда 202 құдық қазылса, оның 47-сі субсидияланды. Ал, 2016 жылы 273 құдық қазылып, оның 272-сі субсидияланған. 2017 жылы 167 құдық қазылып, оның 105-і субсидияланып отыр. 2018 жылғы жоспар бойынша облысымызда 120 құдық қазылатын болса, 2019 жылы олардың саны 200-ге жеткізілмек», — дейді Иляс Құрамысов.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*