Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, Түркістан «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асыл Алдаберген жұмыс нәтижелерін айтып берді. Мәселен, кеңсе жанынан билік институттарына қоғамның сенімін арттыруға бағытталған «Адал көмек» жобасы іске қосылған. Жоба аясында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру үшін еріктілер ретінде тәжірибелі заңгерлер, қала-аудан, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қызмет көрсетуде.
«Билік институттарының ашықтығын қамтамасыз етуге кеңсенің бастамасымен 57 мекеме «Open Space» үлгісінде және 69 Фронт кеңсе мен 4 Халықтық кеңсе тұрғындар үшін жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, облыс аумағында билік институттарының қоғаммен кері байланысын арттыру мақсатында «Safe zone» — қауіпсіз аймақтар жобасы қолданысқа еніп, 83 ауылдық әкімдіктерге ауыл тұрғындарына тегін әрі кез-келген уақытта қол жетімді wi-fi, компьютер, принтер, стационарлы телефон, сенім жәшігі орнатылды», — деді кеңсе жетекшісі.
Кеңсе жанындағы маңызды жобаның бірі — автомобиль жолдары мен көліктік бақылау саласындағы жолдарды салуға және жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мақсатындағы «Сапалы жол — адалдық алаңы» жобасы. Облыстағы 6 ауданда өткен жұмыс қорытындысы бойынша жалпы 17 кемшілік анықталып, бүгінде әкімдік пен мердігер компанияларға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған.
Пікір қалдыру