Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағындағы Базарқақпа тұрғын алабында 3 мың түп терек ағашы өсіп жатыр. Бұл жайлы қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлының Базарқақпа тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім болды.
Қызығы сол, ағаштарды жеке кәсіпкер өз қаражатына егіпті. Ондағы мақсат, қала әкімі Ғаит Сыздықбековтың тапсырмасына сәйкес, елдімекендегі жасыл белдеуді ұлғайту, жасыл желекті көбейту екен.
2 жарым гектар жерге егілген теректерге жеке кәсіпкер Акрам Рахманкулов демеушілік жасапты. Әрине, бұл игі істе жомарт азаматқа жергілікті белсенділерде көмектескен көрінеді. Ағаштар Еңбекші ауданы Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінің жағалауына отырғызылан. Базарқақпалықтар теректің көгеруіне ылғалды жер ыңғайлы деп, өзен жағасын әдейі таңдапты. Жайқалып өскен терек ағаштары бүгінде көрсе көз тоймастай табиғаты тамаша тартымды демалыс орнына айналған.
«Біз өзеннің арғы бетіне де осылай ағаштар отырғызсақ деген ниеттеміз. Осылай жайқалып тұрса, деп мақсат қойып отырмыз. Бұл ісіміздің барлығы Құдай жолындағы сауапты іс. Демеушілеріміз де қолдап отыр. Олар бұл игі істі ақша табу үшін емес, бизнес идея үшін де емес, осы елдің халқына болсын деп істеп жүрміз деп жатыр. Бірақ, мал бағатындар бізге кедергі болып отыр. Олар бізде басқа мал жайылымы жоқ деп, наразылық танытып отыр. Менімше малды, басқа жаққа бақса да болады. Жоқ, малшылар нақ осы жеден малын айдап өтіп, біз теректерді қорғашан қораны бұзып өтіп жатыр. Сонымен қатар, біз ағаштар егкен алқаптың маңындағы жолға кедергілер қойып тастадым. Себебі, қоқыс тастайтындар көбейді. Солардың көлігі өте алмас үшін әдейі бетон орнаттым. Өйткені, бұл жерде біз өзіміз тұрамыз. Өзіміз тұратын қоршаған ортаны қастерлеуіміз қажет. Қоқыс тастауды тіпті, өз отбасымыздан бастап үйреттік»,-дейді Базарқақпа тұрғын алабының қариялары.
Қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы ағаштарды аралап көріп, кәсіпкер мен тұрғындарға ризашыығын білдірді. Сайрам су өзені жағасын тамаша демалыс аймағына айналдырғанына қуанып, таңданысын жасырмады.
«Біз сіздерді малшылардан қорғау үшін барлық жағдайды жасап береміз. Аудан әкіміне тапсырма беремін. Ағаштар арасына аяқжол салып, қоршауын түзеп, жарықтандыру қойып берсек болады. Бұл теректер алқабын саябаққа айналдыруға болады екен. Тіпті осы маңға уоркаут алаңын салуға да болады»,- деді қала әкімі.
Жалпы Еңбекші ауданы Қаратөбе аумағында 5 елдімекен орналасқан:Абдулабад, Базарқақпа, Бадам-1, Тұрдыабад тұрғын алаптары мен Шаңырақ шағын ауданы. Бұл елді мекендер Шымкент қаласына 2014 жылы Сайрам ауданы аумағынан өткен.
Қаратөбе аумағында жалпы 4800 тұрғын үй және 28880 халық тұрады. Қала аумағына қосылғалы бері аталған тұрғын алаптарда инженерлік инфрақұрылым бір шама дамып, бүгінгі күнге дейін таза ауыз су, табиғи газ, электр жарығы 100% қамтылып, толығымен өз шешімін тапқан.
Жаппай спортты дамыту мақсатында және салауатты өмір салтын ұстану үшін Қаратөбе аумағының Шаңырақ шағын ауданында 2 дана, Базарқақпа тұрғын алабында 2 дана және Бадам-1 тұрғын алабында 1 дана әмбебап балалар ойын алаңшасы, ашық спорт және воркаут алаңшалары соғылды.
Аталған аумақтарда жалпы 30 көшеге жаңадан түнгі жарық шамдары орнатылды.
Жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Базарқақпа тұрғын алабында 3 көшеге,Шаңырақ шағын ауданында 4 көшеге жалпы 7 көшеге аяқ жол салынды.
Базарқақпа тұрғын алабында орналасқан 1956 жылы салынған «Қаратөбе» мәдениет үйінің орнына заман талаптарына сай жаңадан Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне тапсырылды.
Пікір қалдыру