Түркістандық мүмкіндігі шектеулі спортшылар спартакиада да топ жарды

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен облыстық спартакиадаға Түркістан қаласынан қатысқан спортшылар, нәтижелі көрсеткіштерге ие болды.

Бұл туралы Түркістан қаласының баспасөз қызметі хабарлады.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық аудандар мен қалалардан жиылған 15 команда өзара кім мықтыны анықтаған сайыста түркістандық спортшылар өздерінің үздік екендігін бірнеше рет дәлелдеді.

Қоларбамен түрлі қашықтыққа жарысу, диск лақтыру, зілтемір көтеру, үстел теннисі, жүзу, шахмат түрлері бойынша сынға түскен спортшылар жалпы командалық есепте бірінші орынға тұрақтады.

Сайыс қорытындысы бойынша түркістандықтар спорттың әр түрінен сегіз І орын, алты ІІ орын жалпы саны 20-ға тарта жүлделі орындарды иеленіп, облыс біріншілігінің жеңімпазы атанды.

Жоғарыда аталған сайысқа қатысқан Еркінбай Шалтан өздеріне қолдау көрсеткен қала әкімдігі мен спорт бөліміне айрықша алғыс білдірді.

– Біз Түркістан қаласынан облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спартакиадаға сегіз адам қатыстық. Жақсы нәтиже көрсеттік. Намысты қолдан бермей жеңіс тұғырынан көріндік. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы кейбір спортшыларға қолқа салып, халықаралық, әлемдік жарыстарға қатысуға шақырды. Енді алдағы уақытта жақсы қарқынмен әлі талай биіктерді бағындырамыз деген ойдамын, деді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*