
Түркістан облысына қарасты Созақ ауданы — мал шаруашылығын дамытуға барынша қолайлы өңірлердің бірі. Кең байтақ жайылымдары мен табиғи-климаттық жағдайлары төрт түлік мал өсіруге аса қолайлы. Сол себепті де соңғы жылдары теріскейде мал басының саны тұрақты түрде өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының басты тіректерінің бірі болып қала беруде.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 19 млрд 671 млн 500 мың теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш – саланың қарқынды дамуының дәлелі. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 429,2 млн теңге, ал тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 113,6 млн теңге инвестиция тартылды. Бұл қаржы жаңа технологияларды енгізу мен инфрақұрылымды жаңартуға бағытталды.
Мал шаруашылығы – Созақтың басты бағыты. Соңғы жылдары мал тұқымын асылдандыру мен мал басын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша:
-
35 445 мүйізді ірі қара,
-
288 829 қой-ешкі,
-
23 656 жылқы,
-
14 375 түйе,
-
25 587 құс тіркелген.
Мұның сыртында, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5416 мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Сондай-ақ фермерлік шаруашылықтар 3914 қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алды. Бұл шаралар ауданның ет және сүт өнімдерін өндіру әлеуетін арттыруға айтарлықтай серпін беруде.
Аудан шаруалары мал азығын дайындауға ерекше көңіл бөліп отыр. Мал басына шаққандағы жем-шөп қоры жеткілікті деңгейде қамтылып, қысқы кезеңге тұрақты дайындық жүргізілуде.
Егін шаруашылығы бағытында да бірқатар жетістіктер бар. Былтыр аудан бойынша егіс көлемі сақталып, аумағы кемімеген, керісінше өнім көлемі мен сапасы жақсарған. Бұл бағытта су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды рөл атқарып отыр.
2024 жылы ағын суды тиімді пайдалану мақсатында:
-
Шолаққорған ауыл округіндегі «Атамекен» шаруа қожалығына – 40 гектар,
-
«Жанболат» қожалығына – 12 гектар,
-
Таукент кентіндегі «Сейілбек ата» қожалығына – 10 гектар жерге
жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылды.
Жалпы, 62 гектар аумақты қамтыған бұл жобалар суды үнемдеу мен өнімділікті арттыруға оң әсерін беруде.
Бұдан бөлек, ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтері мен асыл тұқымды шаруашылықтар көбейіп келеді. Жергілікті билік тарапынан шаруа қожалықтарына мемлекет бағдарламалары аясында көмек көрсетіліп, кеңес беру, субсидия, техникамен қамту және инфрақұрылым тарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде.
Созақ ауданы — мал мен егін шаруашылығын қатар дамытып отырған өңір. Ауыл шаруашылығына бағытталған инвестициялар, заманауи технологияларды енгізу, қолда бар әлеуетті дұрыс пайдалану ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр.
Пікір қалдыру