Өзбекстандық кәсіпкерлер оңтүстікке мыңнан астам тауар түрін алып келді

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында Ташкент қаласының тауарөндірушілерінің екі күндік көрмесі басталды.

Көрмеге көршілес елдегі 230-ға жуық кәсіпорынның өнімдері қойылып, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау, металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, жиһаз, киім және тоқыма саласына қатысты, сонымен қатар, кәдесыйлар мен спорттық тауарлар және ойыншықтар сынды 1 мыңнан астам өнім оңтүстікқазақстандықтарға ұсынылды.

Аталған іс-шара аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов бастаған делегациямен кездесті. Онда әкім Өзбекстан кәсіпкерлерімен Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында бір мыңнан астам яғни, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен құрылыс материалдарын өндіру, медицина және білім беру салаларында  табысты ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті.

«Біздің аймақ бизнесті дамыту үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау әлеуетімен ерекшеленеді. 2010 жылы Шымкент қаласында тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар, облысымыздағы 11 индустриалды аймақта кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі кездесу Шымкент пен Ташкент кәсіпкерлерінің арасында болашақ  жемісті ынтымақтастықтың негізі болады деп үміттенемін», — деді әкім.

Өз кезегінде, Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығынан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланысының нығая түсетініне сенім білдірді.

«Бүгін біз 900-ге жуық тауар түрін назарларыңызға ұсынатын боламыз. Дегенмен, бұл біздің барлық әлеуетіміз дегенді білдірмейді. Алдағы басқосуларымызда да табысты жетістіктерге бірге жетеміз деген үміттемін. Жалпы, Қазақстан мен Ташкент арасындағы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр Қазақстанның Ташкентпен арадағы сауда айналымы 500 млн. АҚШ доллары болса, биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы нәтиже бойынша аталған сома 150 млн. АҚШ долларына көбейіп отыр», — деді Нозим Хусанов.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*