Жетісайлық жастардың жұмысы жанданып келеді

Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Балмаржан Нарбекова және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Береке Дүйсебеков іс-сапармен Мақтарал ауданына барды. Аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында ауданның жастарымен кездесіп, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Мұхтар Бейсенбаевтың есебін тыңдады. Іс-шараға Аудан әкімі Ғалым Исмаилов және аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков қатысты.

Мақтаралда жастар саясатын жүзеге асыруда ауыз толтырып айтатындай жетістіктер көп. Түрлі мәдени, спорттық, интелектуалдық жобалар жоғары деңгейде өткізілетінін деректермен келтірген М.Бейсенбаев аудан әкімі Ғ.Исмайловтың тікелей қолдауымен Асықата, Атакент, Мырзакент кенттеріндегі 3 мәдениет үйі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің балансына берілетінін атап өтті. Онда жастар түрлі үйірмелер ашып, клубтар құрып бос уақыттарын зая өткізбейді екен. Сондай-ақ, аудандық «Жайдарман» клубының төрағасы Сүндет Кенжебаев, «Жалын» дебат клубының төрағасы Нұргелді Спатаев, «Жетісай – жер жәннәті /ЖЖЖ/» паблигінің әкімгері Дінмұхамед Аязбеков жастардың алдында баяндама жасады.

Сүндет Кенжебаевтың айтуынша, Мақтаралда жайдарман ойындары дамып кеткен. «Жайдарман» клубы алғаш ашылғанда 9-ақ жайдарман тобы сахнада ойын көрсетсе, бүгінде олардың саны 150-ге жуықтап қалған. Республикалық ашық лигаларда, премьер лигада және жоғары лигада Мақтаралдың атынан бір емес, бірнеше жайдарман тобы ойын көрсетіп жүр. «Сырдария құрамасы» жайдарман тобы осы лигалардың алғашы екеуінің чемпионы болып, жоғары лигада екі жыл қатарынан жүлделі орын алды. Ал, «Жетісай құрамасы» жайдарман тобы былтыр республикалық ашық лиганың чемпионы атанып, бүгінде премьер лигада ойын көрсетіп жүр. Сондай-ақ, аймақтық ашық лигаларда, облыстық лигаларда ауданның намысын қорғап жүрген бірнеше жайдарман топтары бар» – дейді клубтың төрағасы.

«Жалын» дебат клубының төрағасы Нұргелді Спатаев клубтың 70-ке жуық мүшесі бар екендігін, ауданда пікірталасушылардың саны күннен күнге өсіп жатқандығын айтты. Жетісай, Асықата, Мырзакент, Атакент өңірлері бойынша дебат ойындары ұйымдастырылып, одан озық шыққандар аудандық деңгейде сайысады екен. Ал, «Жетісай – жер жәннәті /ЖЖЖ/» паблигінің администраторы Дінмұхамед Аязбеков дәл осы парақшаның негізінде құрылған «Жетісайдың белсенді жастары» клубы туралы айтып өтті. Мақтарал ауданының ерікті жастарынан құралған клуб ашылғанына жыл болмастан нәтижелі жұмыстар атқарып, осы арқылы ауданының жастарын патриотизмге тәрбиелеу, қайырымдылыққа, игі істерге шақыру, қоршаған ортаны таза ұстауға баулу және осындай жұмыстар арқылы Мақтарал ауданын бүкіл Республикаға танылдыру – клубтың басты мақсаты екен.

«1000-ға жуық мүшесі бар Қазақстандағы ең ірі клубтың ерекшелігі Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Семей, Көкшетау, Өскемен қалаларында филиалдары жұмыс жасайды және клуб мүшелерінің барлығы да мақтаралдық студенттер. Клубтың орталығы – Жетісай қаласы. Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда сияқты т.б. мақтаралдық студенттер көп баратын қалалардан да филиалдар ашу жоспарда бар. Мақтаралдың жастары осылайша бірлесіп ерікті түрде игі істерді атқарып, қайырымдылық жасап, бүкіл республикаға пайдасын тигізуде. Бүгінгі күнге дейін клуб 50-ден аса қайырымдылық жұмыстарын жасап үлгерді. 6 рет қарттар үйінде ас берілді, 4 рет жетімдер үйінде концерттік бағдарламалар қойылды, ондаған жалғызбасты қарттардың үй жұмыстарына көмектер берілді, ондаған мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай қолдау көрсетілді және клуб жастарының интелектуалын дамытуға бағытталған бірнеше семинарлар аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан өткізілді» — дейді Д.Аязбеков.

Мақтаралдың осындай ірі жобаларымен танысқан ОҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Балмаржан Нарбекова: «Мақтарал ауданы халық тығыз орналасқандықтан болуы керек, өңірдің жастары өте белсенді. Мен мақтаралдық жайдарман топтарының жанкүйерімін. Ал, дебат ойындары жастардың сөйлеу мәдениетін дамытып, ойлау қабілетін кеңейтеді. Осындай ірі жобаларды көріп отырмын. Басқа аудандардың Мақтарал ауданынан үлгі алар тұстары көп» — деді. Ал, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Береке Дүйсебеков жастарды бір нүктеден ұйымдастыратын «Жетісай – жер жәннәті /ЖЖЖ/» жобасы дәл қазіргі уақытта өте қажет екенін және Мақтаралдың осындай жобалары басқа аудандарда да болу керектігін айтты.

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*