Шардарада «Чемпиондар аллеясы» ашылды

Шардаралық спортшылар Астана күніне лайықты тарту жасап отыр. Дәлірек айтатын болсақ, қол күрес спорты бойынша ауданнан шыққан даңқты спортшыларға арналып «Шардара Армспорт чемпиондары» аллеясын ашты. Атлетизмнен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттығу залының жанынан ашылған аллеяда бұлшық еті бұлтылдаған екі спортшының қол күрестіріп жатқан сәті сомдалған ескерткіш орнатылып, жан-жағына шым төселген. 300-ге жуық декоративті ағаштыр отырғызылып, бұрынғы шөп-шалам, күл-қоқыс басып жатқан аймақ аббаттанып шыға келді. Спортшылар аллеясының ашылу салтанатына аудан әкімі Болатбек Қыстауов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.–Бұл іс-шара облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Шатқалды жерлерді игеру бағдарламасы» аясында жүзеге асып отырған игілікті іс деп айтқан болар едім. «Тал ек, гүл ек, туған жерді түлет!» деген жақсы сөз бар халқымызда. Сондай бір жақсы да пайдалы бастаманы аудан спортшылары көтеріп, ауылдың ішіндегі шөп басып, қараусыз жатқан жерге 300 түп декоративтік ағаштар отырғызыпты. «Чемпиондар аллеясы» әсіресе, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор орын болары сөзсіз. Олар даңқты спортшы аға-әпкелерінің есімдерін осы жерден көріп, болашақта соларға қарап бой түзейтін болады. Салауатты өмір салтын жанына серік етіп, мемлекетіміздің алға қарай дамуына атсалысатын ұлтжанды ұрпақ болып өсетініне сенімім кәміл, – деді Болатбек Дүйсенбекұлы.


Мұнан кейін аудан әкімі чемпиондар аллеясының салынуына айрықша атсалысқан Ержан Мәмбетов пен Нұржан Тұрақұлов есімді азаматтарға көптің алдында «Алғыс хат» табыс етті.
Чемпиондар аллеясының ашылуында ауданның спорт ардагері, талай-талай белгілі палуандарды баулып шығарған білікті бапкер Мұсырманқұл Дәуренов ізгі тілегін білдіре отырып, қол күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының және Азия чемпионы Ердәулет Сарыбай екеуі чемпиондар аллеясының лентасын салтанатты түрде қиды.
«ShardaraArmsport — news».

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*